АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ
Еліміздің көшбасшысы болашақ – бүгіннен бас­талады деп, жастарға ерекше көңіл бөлуде. Елбасының болашаққа арналған «дипломмен – ауылға» бағдарламасында жастарды жұмыспен қам­ту мақсатында, ауылды көркейтуге күш салды. Бастамадан қуат алған ауыл-аймақ ажарланып, тұралап қалған тіршілік қайта жандана бастады. Ауылдар мен аудандарда шағын қожалықтар мен ірі кәсіпорындар пайда болып, ел несібесін еселей түсті. Ауылдағы ағайындар мен агроөнеркәсіп кешенінің тыныс-тіршілігін білу мақ­сатында «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерле­рі кәсіподағы» қоғамдық бір­лестігінің төрайымы, об­лыстың Құрметті азаматы, Рая Мұсақызы Идралиева ханыммен кездесуді жөн санадық.
- Рая Мұсақызы елімізде агро­өнеркәсіп саласында пайдала­нып жүрген техника атау­лы­ның 60 пайызы ескі. Ауыл шаруашылық министрлігі­нің де­­ре­гінше, республикамызда тіркеуде тұрған трактордың саны 152 600-дің үстінде. Сонымен қатар 41 000 комбайн бар екен. Алайда техниканың қызмет көрсету мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, қызмет көрсету сапасы өте төмен. Бір трактордың пайдалану мерзімі 10-12 жыл болса, біздегі техникалар 15-20 жылдан астам уақыт пайдаланып келеді. Аталмыш техникаларды жаңарту қарастырып жатыр ма?
- Иә, бұл ауыл шаруашылығын­дағы күрделі мәселелердің бірі. Ресми деректерге сүйенсек, ауылдық жерлерде жүруге жарамайтын, тек қағазда тіркеудегісінің саны 19 000-нан асады. Мұндай жарамсыз көліктерді утилизацияға жіберілетін уақыт әлдеқашан жетті. Батыс Еуропа мемлекеттері утилизацияны заманауи әдіспен жүргізу арқылы көліктердің 95 пайызын өңдеуге болатынын дәлелдеуде. Қазір елімізде бұл мәселе қаралу үстінде. Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп дайындап жатқан жоба бойынша алдағы уақытта тозығы жеткен техниканы кәдеге жарату қолға алынады. Елімізде агроөнеркәсіп саласында жаңа техниканы лизинг арқылы жеңілдікпен беру әдісі бар. Яғни, жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз. Бұл бағытта «КДБ-Лизинг» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Осы бағдарламаның арқасында өткен жылы 200 дана жаңа жабдық сатып алынды. Бірақ субсидия талаптарына жауап беруге ауылдағы ағайынның жағдайы келе бермейді. Ірі шаруашылықтар болмаса, кішігірім қожалықтарға 7 пайыздың өзі үлкен салмақ. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстары да осы техниканың күшімен бітеді. Тек қана трактор емес, оған шөп шабатын тіркеме қосалқы қажет. Мәселен үш шалғылы КТП-6.0 тіркемесінің бағасы 1 350 000 теңге. Екі шалғылы КДФ-4,0 қосалқының бағасы 800 000 теңгеден басталады. Мұндай қосалқыларға кез келген адамның қолы жете бермейді. Шөпті престейтін тіркеменің құ­ны 1 000 000 теңге. Мамандар бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр.
- «Көк трактор, көп сұрап тұр»-демекші, ескі тракторлар­ды қосалқы бөлшектермен қам­тамасыз ету жұмыстары өз деңгейінде жүргізіле ме? Жылда жиын-терім кезінде жанар-жағармайдың қымбаттауын немен түсіндіруге болады?
- Көк трактордың көп сұрайтын жөні де бар. Өйткені қолданыс мерзімі өтіп кеткен. Жоғарыда айтып кеттік қой, ауыл шаруашылық көліктерінің 60 пайызы ескірді деп. Жаңа техникамен қамтамасыз ету амалдары қарастырылып жатыр. Ресми бір деректерде еліміз бойынша техника атауының материалдық тозуы салдарынан 95 млрд теңге жөндеу жұмыстары мен жанар жағармайды артық жұмсауға тура келіп, шығынға батырғандығы айтылып қалды. Бәрі сол баяғы ескі қаңқаға келіп тіреледі ғой. Мұндай келеңсіз жағдаяттар алдағы уақытта өз шешімін табатынына кәміл сенімдімін. Аса қажет қосалқы бөлшектерді сатып алуға шағын қожалықтардың қалтасы көтере бермейді. Дәнекерлеп, құрап-сұрап амалдап күн көруде. Бұл қиындықтарды да еңсеретін күн келеді. Ал, енді науқан кезінде жанар-жағармайдың қымбаттауының түрлі себептері бар. Сарапшы мамандар қара алтынды өңдеу мен тасымал­дау жұмыстарының қымбатшылы­ғы­мен байланыстырса, енді бірі көк ақшаның шарықтауымен ұш­тастырады. Қалай болғанда да мәселе жоқ емес, бар. Жалғыз біз емес, жақын көршілес елдерде осындай мәселемен күресіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелерді оңтайлы шешу үшін арнайы тапсырма берді. Бұл түйткілдің де түйіні тар­қатылады деп ойлаймын.
- Отандық ет-сүт өнімдері туралы не айтасыз?
- Қазіргі уақытта өндірілген жал­­пы ауыл шаруашылығы өні­­мі­нің 45 пайызы – мал шаруашылығының үлесінде. 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту шеңберінде мал шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды субсидиялауға шамамен 35,9 млрд. теңге бөлінді. Өндірістің ішкі мүмкіндіктері мен сыртқы нарықтың әлеу­етін салыстыру және талдау негізінде агроөнеркәсіптік ке­шен­ді дамытудың негізгі ұзақ мерзімді келешегі болып ет мал шаруашылығы десем артық айтпаймын. Еліміздегі көшпелі отарлы мал шаруашылығы дәстүрлерін негізге алуға болады. 180 млн. га жайылым, соның 58 млн. гектары қолданыста. Жылына 2 млн тоннадан астам жалпы өнім импортталады. Жаңа жобада ет өндірудің бірыңғай технологиялық конвейерінде шағын фермерлердің көп кө­лемде қатысуын қарастырады. Отбасылық фермерлер мал өсірумен және бордақылау үшін жас тайыншалар алумен, өнеркәсіптік бордақылау алаңдары қарқынды бордақылаумен, ет комбинаттары өнеркәсіптік мал союмен, дендеп қайта өңдеумен және дайын өнімді өткізумен айналысуды қолға алуда. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында елімізде тамақ өнімдері 874,5 млрд. теңгеге өндірілді, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 104,4 пайызға артты. Жалпы тамақ өнімдерінің өндіріс көлемінде өсімдік майы мен тоң май өндірісінің үлесі 8,8 пайыз, ұн, крахмалдар және крахмал өнімдері 20,1 пайыз нан және ұн өнімдері 14,0 пайыз. Жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу және консервілеу өнімдері 6,3 пайызды құрады. Сонымен бірге кондитерлік өнімдерінің өндірісі 16,7 пайыз, жарма - 6,7 пайыз болды. Ал, макарон өнімдері 2,9 пайызға төмендеуі байқалуда. Алдағы уақытта сиыр және қой өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін ұлғайту, ІҚМ етін экспорттау бойынша бес көшбасшы елдер қатарына кіру көзделіп отыр. Мұндай бағдарлар ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға және салаға заманауи технологияларды енгізуді ынталандыруға бағытталмақ.
- Төрт түлікті күтіп баптаумен қатар, егу жұмыстары да бар, маусымдық шаралар талаптарға сай жүргізіліп жатыр ма?
- Әлбетте, талаптарға сай жүргізіледі. Егу жұмыстары кес­теге сай жүргізіліп, басшылыққа есеп беріледі. Мал дәрігерлерін де қадағалайтын құзырлы орындар бар. Жауапты маман өз жұмысына салғырттық танытса, қатаң шаралар қолданылады. Егуге арналған дәрі-дәрмектердің отандық өнімдерімен қатар, сырттан тасымалданатыны да болады. Бірде маған бейтаныс мал дәрігері былай деп еді: «отандық өнімді ексем ешқандай әсер етпейді, ал ресейлік дәріні ексем бірден нәтиже береді»-деген еді. Соған қарағанда біздегі сапа әліде болса олқы соғып жатыр ма деп қаламын. Сондықтан қымбат болсада шетелдік дәріге тәуелдіміз. Әрине тірі ағза болғасын, сырқатқа шалдықпай тұрмайды. Бруцеллез, сібір жарасының алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, әлемдік талаптарға саяды. Елімізде осы тектес мәселелер орын ала қалса, сапасыз дәрінің салдары ма деп күмәнданамын. Бәлкім қателесермін. Мұны енді сарапшы мамандар анықтай жатар. Ірі қара малдарды асылдандыру жұмыстары да назардан тыс қалған емес.
- Табиғи су көздері бар шабындық жерлер мен жайылымдық жерлерде жекенің қоластына өтіп кетіп жатады. Мұндай ашкөздік әрекеттер ауыл шаруашығын өркендетуге тұсау болатыны сөзсіз, солай емес пе?
- Иә, өкінішке орай мұндай олқылықтар орын алып жатқанын ақпарат көздерінен көріп, біліп отырмыз. Жер телімдерін бөлудегі әділетсіздік әрекеттер ауыл шаруа­шылығының өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай мәселе әлеуметтің әлеуетіне де әсер етеді. Жергілікті тұрғындар мен әкімшілік бітімдік тұрғыда ықпалдасу қажет. Олай болмаса, міндетті түрде әлгіндей мәселелер орын алады. Біз – табиғи су қорлары бар шабындық алаңқайлар мен жайылымдық жерлерді жекеге бермеуіміз керек. Ол – мемлекеттің құзырындағы қазына. Осыны бас­ты назарда ұстасақ, келеңсіз жағдайларға тап болмаймыз. Та­биғатты аялап, шұрайлы өлкені қадірлей білсек, келешек ұрпақтың қамын ойлағандығымыз деп білемін. Ертең өкініп қалмау үшін, бүгін берекелі істерге қадам басайық. Түйткілдердің түйінін тарқату баршамыздың ортақ міндетіміз.
- Сан бар жерде сапаныңда үлес салмағы байқалады. Десекте, агро­өнеркәсіп саласындағы кәсіподақ мүшелерінің санын білуге бола ма? Қазіргі таңда нақты қандай шараларды қолға алдыңыздар?
- Кәсіподақ ұйымының негізгі ұста­нымы – жұмысшы мен жұмыс беруші арасына дәнекер болу. Сауатты келісім-шарт жасау, заңсыздықтарға орын бермеу болып табылады. Біз – осы бағытқа бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Сауатты келісім бар жерде, сауатсыз әрекеттерге – жол жоқ. Сонымен қатар саналы ұрпақты тәрбиелеп, белсенділікке баулу. Өйткені, уақыт ешқашанда бір орында тұрмайды. Күн тәртібінен түспеген жұмыстардың қатарында – еңбек қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұрады. Өйткені, адам қоғамның бас­ты байлығы. Кәсіподақ ұйымының мүшелігі сөз болғанда саны емес, сапаға мән берген жөн деп жатамыз. Сапа бар жерде береке болады. Сөзімді дәйектер болсам, Алматы қаласы мен алматы облысы бойынша 35 000 мүшелікте тіркеліп тұр. Олардың ішінде жастардың үлес салмағы 20-30 пайызды құрайды. Ертең орнымызды басатын – жас­тар. Сондықтан жастарға деген көзқарас дұрыс болуын қалаймын. Мен негізі аудандық жерлердегі бас­тауыш кәсіподақ ұйымдарын көп аралаймын. Тәртіп пен талаптың қатар жүргені басты қағидама айналған. Алдағы жұмыс жоспарымда көптеген бастамалар бар, оны қазір айтып жату артық болар. Оны уақыт таразылайды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығындағы мәселелер біртіндеп шешіле бастағанына куә болып отырмыз. Ауылға атсалысу баршамыздың абройлы міндетіміз екенін ұмытпайық. Себебі ауыл – алтын бесігіміз. Сондықтан кәсіподақ ұйымдары агроөнеркәсіп кешенінің құқықтарын жан-жақты қорғауға шындап кірісті. Еліміздегі кәсіподақ басшыларының жүргізіп отырған саясатын қолдай отырып, қоғамға қолайлы жағдай туғызу парызым деп білемін.
Әңгімелескен
Қайрат АҒЫБЕРГЕН.