«Рухани жаңғыру» заман талабы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев халыққа жолдаған алғашқы жолдауында «Рухани жаңғыру» және «Киелі Қазақстан» бағдарламаларын іске асыру жөнінде бірқатар міндеттер қойды. Жолдаудың орындалу барысындағы ат­қарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында «Алматы облысы бойынша білім және ғылым қызметкерлерінің локалдық кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асан Жұмаханұлы Омашев мырзамен кездесіп әңгімелескен едік. Кәсіподақ басшысы аталмыш жолдау білім мен мәдениет саласына тың серпіндер береді деп сенім білдірді.
- Асан Жұмаханұлы бізде жолдауда көп, түрлі бағ­дарламаларда көп, осылардың барлығы қағаз жүзінде қап кетіп жатқан жоқ па? Біздің елдің жолдауларына көршілес елдер басын шайқап, таңдай қағады. Олардың таңданып, тамсанғандарынан не қайран, игілігін көре алмасақ.
- Ел болған соң болашаққа бастайтын бағыт-бағдары болғаны абзал. Біз ол жағынан кенде емеспіз. Ал енді, сол бағдарламалардың орындалу барысын құзырлы орындардың құзыретіне қалдырайық. Мен сарапшы маман емеспін, десекте, өзімнің пікіріме сүйенер болсам, бағдарламалар қағаз жүзінде қап кетіп жатыр дегенге өз басым сене бермеймін. Әрине, орындалу барысында біршама кемшін түсіп жатқан мәселелер бар шығар, әйтседе ол, орындалып жатқан жоқ деу­ге келмейді. Сөзімді дәйектейтін болсам, салауатты өмір салтын ұстану, туған өлкеге саяхат жасау, құнды мұраларымызды дәріптеу, білім кеңістігінде бәсекеге түсу тағыда басқа сол сияқты көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Өткізілген шараларды ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келеді. Осындай жүйелі жұмыстардың жастарға берері мол. Отаншылдық тұрғымен шектеліп қалмай, мәдениет пен өркениет, білім мен біліктілік жағынан да пайдалы пайымдар еселене түсуде. Өркениеттің өрелі көшінен кем қалып жатқан жоқпыз. Әлгі сөзіңізде игілігін көре алмасақ, не қайран деп қалдыңыз. Елге жаныңыз ашып тұрғанын да білемін. Бірақ бұл бағдарлама іске қосылса «қағанағың қарық, сағанағың сарт» болады деген сөз емес. Кезең-кезеңмен өтетін дүниенің жемісін келелі келешек көреді. Оны уақыт еншісіне жүктейік.
- Білім саласына қатысты құқықтарға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгенін білеміз. Әйтседе, «баяғы жартас, сол жартас»-демекші, өзгеріп жатқан дүниені көре алмай отырмыз. Мұғалімдермен кездесіп ішінара әңгімелесе қалсаң, сол баяғы сіресі шыққан кеуіске маңдайыңды ұрасың. Мен нені меңзеп отырғанымды түсінген шығарсыз.
- Әлбетте, түсініп отырмын. Көкейіңде жатқан кесек-кесек сауалдардың салмағы бір түйеге жүк болады. Қазақ қашанда айтар ойын астарлап, мысалдап, тереңнен теңеу тауып жеткізе білген. Сөз қадірін бағалайтын халық емеспіз бе, хәл-қадірімше тарқатып айтып көрейін. Жағдайымыз жақсарып кетті бөркімізді аспанға атуға болады деуден аулақпын. Аталмыш құқықтық нормаларға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгенімен, көшіміз ілгерілеп кеткені шамалы. Бұл кенжелеп қалдық деген сөз емес. Тұралап қалдық деп айта алмаймын, «тұрымтай тұсына, балапан басына» кеткен заманда, кемшін тұсымызды кенерлеп, кеңшілік тұсымызды кемелдеп көрікті көкжиекке бет түзеген жайымыз бар. Тораңғыл өмірде тобылғыға сүрінгенімізді сөз етпей, тобықтан су кешпегенімізге шүкіршілік етейік. Көзі қарақты жандар көріп, байқап отыр. Ел болған соң елең-алаң болмай тұрмайды. Ақиқатты айту парыз. Әйтседе, көлікті көшімізде көңіл көншітпейтін көлеңкелер кенерінен аспай, кебежеде қалсын. «Көш жүре бара түзеледі»-деп, бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Олқылықтарымызда орайын табар, сәл сабыр етсек, сырлы аяқтан ас ішетін күнде алыс емес сияқты. Сөзімнің төркінін ішіңіз білсін.
- Қазіргі жастарымыз қазақ тіліне шорқақ, әсіресе, қалада бұл мәселе асықынып тұр. Бәлкім бұл үш тұғырлы тілдің салдары шығар «тілі жоқтың, күні жоқ»-деп, бекер айтпаса керек, сіз қалай ойлайсыз?
- Өз басым үштілділікке қарсымын. Баланы – отбасы, балабақша, мектеп қабырғасынан қалыптастыру қажет. Мектепте 6-7 сыныпқа келгенше тек қана мемлекеттік тілде оқыту керек. Содан соң барып өзге тілдермен таныстыра бастаса бөтен болмайды. Бұл кезде бала ана тіліне әбден төселіп, ұлттың әдет-ғұрпы мен салт санасын бойына сіңіріп үлгіреді. Ағылшын тілін әлемдік тіл деп жатамыз. Бұл тілді үйреніп алған адамға артық болмайды. Ал, орыс тілін кез келген уақытта үйреніп алуға болады. Сары тілді, қаракөз балаларымызға келсек, алдымен ата-аналар жауапты деп дабыл қағуда сарапшы мамандар. Бұған келісуге болады.
- Кеңестік жүйенің боданынан босанғанымызбен, бұй­дасы бәзбіреуде сықылды, бәлкім қателесермін. Арқамызды кеңге салмай, неге әлі күнге қуыстанып жүрміз? Дербестігіміз дақпырт, көнбістігіміз шоқпыт болып қашанға жүреміз?
- Мақтамен бауыздадың ғой, ақын інім. Бұл сауалдар саясаттанушыларға жолдануы тиіс еді, десекте, «білтелі сөзде байлам жоқ»-деп, өзіңіз айтпақшы, өзекті сөзге өзімше арқау сап көрейін. «Айтылған сөз, атылған оқ»-дейді, дана қазақ. Санасында сәулесі бар азамат сындарлы шақта табан бұрмай, маңдайды қиындыққа тірейді. Олай болса кеуде шанағын оймен ұңғылап көрелік. Егемендігіміз айқын, еркіндігіміз анық. Бұл жағынан ешқандай шүбә болмасын. Тындырымды ісі жоқ тымақтылардың тілімсегін телігенше, туырлық пен түндікті түгендеп алғанымыз абзал. Әрине, бодандық жоқ – бостандық бар, тұсаулық жоқ – еркіндік бар. Кебежемізді кері тартып қуыстанғанымыз осалдығымыз шығар, оғанда орайлы күн туады. Бір әпенді: «момындық қойға тән, көнбістік қазаққа тән»-деген екен, қысыр сөз күлмекке жақсы. «Борсықты ұра берсең торсық болады, қыңырды ұра берсең қырсық болады»-деп өзіңіз айтпақшы, сырлы сөздің астарында үлкен пәлсапа жатқанын бірі байқаса, бірі байқамас. Байырғы абыздарымыз «қорқақты қуа берсең батыр болады»-деп, бекер айтпаған. Ішкі қыжыл бір күні бұрқ ете қалмасына кім кепіл?! Қой терісі астында не жатқанын ешкім тап басып айта алмайды.
- «Күлшелі бала сүймекке жақсы»-демекші, есіктегі басымыз қашан төрге жетеді деп ойлайсыз?
- «Құрамалы үйің болады, айнымалы-төкпелі биің болады»-деп, Мөңке би кезінде айтып кеткен. Біз тап қазір сол кезеңде тұрмыз. Қазақтан басқа әлемде «жетім бұрышы» бар ел жоқ. Қазақтың жайын қазақ жасамаса, өзгелер қайдан жасасын. Маған салса, қаны қазаққа кезектен тыс үй берер едім, несиеге болсада. Елімізде тұрып жатқан өзге ұлттармен салыстырғанда қаны қазақтардың жалақысына 50 мың теңге артық үстемақы төлеуді міндеттер едім, әттең тонның келтесі-ай. Мұндай амалдар ұлтшылдық емес, ұлтжандылық деп білемін. Есіктегі басымызды есті ұрпақ төрге сүйрейді деп үміттенемін. Қолдағы күлшемізді қисық ауыздар жеп тауысса, төрге қарайтын бет қалмайма деп қорқамын. Ал, еліміде болып жатқан түрлі толқуларға келсек, ерте ме, кеш пе, бір тоқтам болады деп сенім артамын.
- Мемлекет басшысы «оралман» сөзін «қандас» деп айтуды тапсырды. Бұл сөзі көңілге қонымды болды. Енді қандастарымыздың жағдайы қаншалықты жақсарады деп ойлайсыз?
- Иә, «қандас» сөзі біздің оң жамбасымызға келеді. Тауып айтылған сөз. Ал, қандастың жағдайының жақсаруы бәрімізге байланысты. Ел болып бірігіп, ұлт болып ұйысуымыз керек. Кезіккен кедергілерді жою кешенді бағдарламалар емес, кемелді істерге байланысты. Құзыретті орындардың қызметін оңтайландыру кезек күттірмейтін – мәселе. Сондықтан оралған ағайынға ортадан орын беру ортақ міндетіміз екенін ұмытпайық. Тарыдай шашылған қазақтың басы құралса деген ізгі ниетіміз де жоқ емес.
- Оқырмандарға түсінікті болуы үшін қарабайыр тілмен еселі еңбекті екшеп көрсек. Өткен жылғы атқарылған іс-шараларға бөлінген қаражат көздері туралы не айтасыз?
- Өткен жылы кәсіподақ ұйымының мүшелерімен және балаларын сауықтыруға біршама қаржы бөлінді. Атап айтар болсақ, Қарасай ауданы филиалынан 212 адам демалса, жалпы жұмсалған қаржы 13173000 тг., филиал қаражатынан 8076000 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 1136000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 3961000 тг. Талғар ауданы филиалынан 190 адам демалса, жұмсалған қаржы 12843000 тг., жалпы филиал қаражатынан 5047000 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 2382000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 5414000 тг. Еңбекшіқазақ ауданы филиалынан 207 адам демалса, жұмсалған қаржы 12617800 тг., жалпы филиал қаражатынан 4884000 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 2453000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 5280800 тг. Іле ауданы филиалынан 168 адам демалса, жұмсалған қаржы 9535000 тг., жалпы филиал қаражатынан 4635000 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 1374000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 3526000 тг. Жамбыл ауданы филиалынан 93 адам демалса, жұмсалған қаржы 6469000 тг., жалпы филиал қаражатынан 2861500 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 1035000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 2572500 тг. Ұйғыр ауданы филиалынан 65 адам демалса, жұмсалған қаржы 4806000 тг., жалпы филиал қаражатынан 1224140 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 733000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 2848860 тг. Қапшағай ауданы филиалынан 8 адам демалса, жұмсалған қаржы 640000 тг., жалпы филиал қаражатынан 64000 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 304000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 272000 тг. Колледждерден 4 адам демалса, жұмсалған қаржы 330000 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 165000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 165000 тг. Аппарат есебінен 6 адам демалса, жұмсалған қаржы 550000 тг., алматы облыстық кәсіподақ ұйымының қаржысынан 470000 тг., кәсіподақ мүшесінің жеке есебінен 80000 тг. Балалар лагеріне жолдама алу – 16, жұмсалған қаржы 480000 тг., жалпы филиал қаражатынан 480000 тг.
- Сіз басқарып отырған кәсіподақ ұйымына қатысты қандай ақпарат бересіз?
- Мен бұл кәсіподақ ұйымына 2005 жылы келдім. Міне, содан бері осы кәсіподақ ұйымын басқарып келемін. Бұрын он жылдай Еңбекшіқазақ ауданын басқардым, кәсіподақ жұмысының қыр-сырын жітік білемін деп айта аламын. Осы нысанның жұмысын жандандыру мақсатында 2018 жылы локалдық кәсіподақ ұйымы болып қайта құрылдық. Сол күннен бастап Қазақстан Еңбек конфедерациясының құрамына кіріп, ықпалдасып еңбек етіп келеміз. Басты мақсатымыз – білім саласында еңбек етіп жүрген жандардың жан-жақты құқықтарын қорғау. Бағасын халық бере жатар. Қазіргі таңда бізге алты аудан қарайды, бірлігіміз жарасып, тірлігіміз түзеліп келеді. Біздің ұйымда тіркеліп тұрған кәсіподақ мүшесінің саны – 32764. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселене түсуі әбден мүмкін. Атқарылып жатқан шараларды тілге тиек етер болсақ, еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек демалысы, лайықты жалақы, лауазымдық өсім, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, салауатты өмір салтын ұстану тағы басқа сол сияқты көптеген мәселелерді қамтып, кешенді түрде жұмыс жасап жатырмыз. «Рухани жаңғыру» заман талабы деп қарайтын болсақ, алға қойған мақсат мүдделеріміз ұшан-теңіз екенін айта кеткім келеді. Ел игілігі үшін ерінбей еңбек ету, баршамыздың отан алдындағы борышымыз деп білемін.
- Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген –
Қайрат АҒЫБЕРГЕН.