Кәсіподақ — қалқаның һәм қауқарың!
«Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің төрағасы
Қайрат Қаратайұлы Қаратаев
Кәсіподақ ұйымы дегеннің не екенін, кімдердің құқығын қорғап, кімдердің мүддесі үшін жұмыс жасайтынын кәнігі қала мен дала еңбеккерлері сонау келмеске кеткен Кеңес дәуірі кезінен-ақ біледі. Өзінің әділеттілігі мен беделінің арқасында кез келген жерде, кез келген келеңсіз іске бел шеше араласатын, одан бөлек еңбеккерлердің еркін өмір сүріп, дем алуына да жағдай жасап, қарапайым еңбекшілердің қалқаны болған, түрлі деңгейдегі (республикалық, облыстық, қалалық, ұйымдық, ұжымдық) кәсіподақтар өзінің жасампаз істерін әлі де жалғастырып келеді. Әрине елімізде қоғамдық формация өзгеріп, экономикамыз нарықтық экономикаға көшіп, салт-санамыз бен құқықтарымыз еркін болған бүгінгі кезеңде кейбір жеке меншікке бағытталған ұжымдар мен шаруашылықтар болмаса, негізінен еңбеккерлердің 90-95 пайызы кәсіподақты пана тұтары анық. Өйткені әр түрлі жағдайларда жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек келісім-шарттары мен құқықтары бұзылып, қарапайым жұмысшылардың жалақысы кешіктірілетінін, тіпті жалақыларын бірнеше айлап ала алмай жүретінін, әлеуметтік жеңілдіктер мен өзге де еңбек заңнамаларының сақтала бермейтінін күнделікті өмірде кездестіріп те, ақпарат құралдарынан көріп те жүрміз. Міне осындай қиын қыстау шақта арқа сүйер сүйенішің — Кәсіподақ көмекке келетіні рас. Ендеше біз осы кәсіподақ жайлы жоғарыда айтқан аз-кем түсініктемеміздің арнасын биылғы жылдың желтоқсан айында 100 жылдығын атап өткелі отырған «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі (әрі қарай «АКО» АКБ), оның тарихы мен атқарған және атқарып жатқан істері жайлы әңгімеге қарай бұрмақпын.
Аталмыш ұйымның алғашқы құжаттық мәліметі оның 1919 жылдың 31 қазанында, Верный қаласында өткен 1-ші конференциясында құрылғанын айғақтайды. Содан бері арада өткен бір ғасыр ішінде Алматы облыстық кәсіподақ ұйымы талай-талай тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәгері болды. Алғашқы онжылдықтар негізінен еңбек майданын қалыптастыруға, халықты отырықшылыққа бейімдеуге бағытталса, келесі бір ұзақ кезеңде КСРО тұрақтылығының негізін құрайтын — социализмді нығайтуға, еңбек тәртібін күшейтуге аса мән берді. Сондай-ақ, соғыс жылдары мемлекеттік қорғаныс пен қауіпсіздік жолында іске асқан еңбеккерлердің патриоттық бастамаларын қолдап отырса, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде жастарды жігерлендірудің, олардың құқығын қорғаудың алғы шебінде жүрді.
Ал енді Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өз алдына егемен ел болған тұста, экономикамыз құлдырап, халықтың әл-ауқаты нашарлаған еді. Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың қолданыстағы заңнамаларына өзгеріс енгізулерінің салдарынан облыстық кәсіподақ та республикалық кәсіподақ бірлестігі ішінде алғашқылардың бірі болып, 1990 жылдың 21 шілдесінде өткен одақаралық конференцияда өз Жарғысын бекітіп алды, ал 1992 жылдың наурызында жеке заңды тұлға ретінде әділет органдарына тіркеуге тұрды. Сонымен қатар ол «Қоғамдық бірлестіктер туралы» қабылданған Заңға сәйкес және ҚР Азаматтық Кодексіне байланысты 1995 және 1999 жылдары екі рет қайта тіркеуге тұрып, құрамында 350 мыңға тарта мүшесі бар отыз шақты кәсіподақты біріктірген: «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі - деп аталды. Бүгінде оның Алматы облысы мен Алматы қаласында орналасқан, білім, денсаулық, БАҚ, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп, тағы басқа да 22 мүшелік ұйымында 160 мыңдай мүшесі бар. Осы аталмыш кәсіподақ ұйымына мүше ұйымдар мен мекемелер өзара тығыз байланыс орнатып, іскерлік деңгейде басымдыққа ие болған. Десек те сол бір қиыншылық жылдары мемлекетіміз нарықтық экономикаға көшіп, түрлі салалаларда қиыншылықтар туып жатқан шақ еді. Мұның өзі кәсіподақтардың біршама құқықтарын шектеуге әкелді. Мәселен оның әлеуметтік қамсыздандыру қорын басқаруға, заңнамалық бастама көтеру құқығына және мекемелердің шаруашылық ісіне араласауына шектеу қойылды. Сондай-ақ өндіріс көлемінің төмендеуі ондағы жұмысшылардың, яғни біздің кәсіподақ мүшелеріміздің күрт азайып кетуіне әкеліп соқтырды. Бұл бүкіл республикаға тән үрдіс болғаны рас. Дегенмен кәсіподақ ұйымдары дер кезінде жаңа қадамдар жасап, ескі командалық-әкімшілік әдістемеден арылып, өз беделін Ата Заңымыз бен Азаматтық кодекске сай құра білді. Мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша 2019 жылдың ақпанына дейінгі уақытта 97 669 ұжымдық шарт бекітіліп, 40 пайыз кәсіпорын қамтылыпты. Осының нәтижесінде кәсіподаққа мүшелер саны да күннен күнге артып келеді. Бүгінде республика бойынша шамамен 2 миллиондай кәсіподақ мүшесі бар екен. Кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестермен бірлесе өткізген «Еңбек келісім-шартын жаса!» атты акциясы нәтижесінде де еліміз бойынша 10 мыңнан аса жұмыс беруші мен 37 мың жұмысшы арасында еңбек келісім-шарты жасалып, жұмысшылардың құқы мен әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етіліпті.
Ал енді соңғы жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысы басшылығы, облыстық кәсіподақ ұйымы мен өнеркәсіпшілер және Кәсіпкерлер одағы арасында жасалған үшжақты келісімдер нәтижесінде ұтымды іс-тәжірибелер өмірге еніп жатыр. Олар жасасқан келісім-шарттар арнайы құрылған комиссияның жіті қадағалауында болады. Өйткені қоғамда әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда Кәсіподақтарға жүктелер жауапкершілік жоғары еді. Сондықтан әр тоқсан сайын қала және облыс әкімдіктерінде кәсіподақ атқарып жатқан іс-шаралар мен міндеттемелердің есебі тыңдалып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің жолдары, оның ішінде еңбек құқығы мен қызметкерлердің кепілдігін қамтамасыз ету және еңбектің заңдық нормаларының сақталуы қатаң қадағаланады. Бұл тұрғыда кәсіподақ еңбек қатынастары бойынша туындаған даулы мәселелерге араласып, тіпті сот үдерістеріне де қатысамыз, оған толық құқымыз бар. Қажет жағдайда дауласушы тараптарды сотқа дейін татуластырып, сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жұмыс істейміз. Елбасының 5 қазан 2018 жылғы: «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «уақыт пен ресурстардың орынсыз шығындарын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруы тиіс», — делінген болатын. Демек бұл сот жүйесі қызметінің тиімділігін арттырумен қатар, халықтың қалта қаражаты шығындарын да үнемдеу деген сөз.
Тұрақтылық — біздің басты құндылығығымыз екені белгілі. Оны сақтаудағы кәсіподақтардың негізгі құралы — ұжымдық шарт болып табылады. Ол кез келген мекеме мен кәсіпорындарда болуы шарт. Ұжымдық шарт мекеме басшысы мен кәсіподақ мүшелері арасында екі-үш жылдық мерзімге дейін жасалады. Дегенмен аталмыш ұжымдық шарт кез келген мекеме мен кәсіпорында болуы шарт десек те, заңнамада «міндетті» деген сөз айтылмайды. Сондықтан болар, бұл шартты жасаудан қашқақтап, жалтаратындар да бар. Оның бірден бір себебі: кәсіподақтың еңбек заңдарының бұзылуына жол бермейтіндігі екені жасырын емес.
Сонымен қысқаша жинақтай айтсам, біздің «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі кәсіподақтардың бірігуі мен дамуы және оның әрбір мүшесінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарының қорғалуы жолында барынша ықпал ете бермек. Біз әлеуметтік серіктестік мақсаттарын ұстана отырып, мемлекеттік органдармен және жұмыс беруші бірлестіктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Заңгер, кадр қызметкері, есепші, техникалық инспектор тағы басқа мамандық иелері болып жүрген кәсіподақ қызметкерлері жиі-жиі семинарлық сабақтарға жіберіліп тұрады. «АКО» АКБ «Күшіміз бірлікте!» атты ұранды ұстана отырып, Алматы мен Алматы облысына қарасты аумақта өз қатарымызды көбейту жолында ерінбей еңбек етіп келеді.
«АКО» АКБ-ның негізгі ұстанымдары мен бағыттары:
1. «АКО» АКБ-ның негізгі міндеттерінің бірі — әлеуметтік серіктестік жүйені жетілдіре беру. Ол үшін қала мен облыс деңгейінде Аймақтық келісім жасастық. Бүкіл ұйымдарда кәсіподаққа мүше еңбекшілердің кепілдіктері мен әлеуметтік жеңілдіктерін қарастыратын Ұжымдық келісім-шарттар жасалған. Келісім-шарттардың іске асуын оңтайландыру тұрғысында, қажет болған жағдайда оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі және белгілі бір мезгілдерде ұжымдық келісім-шарт міндеттемелерінің орындалу барысы бақыланып, тексеріледі;
2. «АКО» АКБ-ның жаһандық бағыттарының бірі: Қазақстандағы Кәсіподақ ұйымдарын дамыту мен еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында республикалық және салалық бірлестіктермен бірлесе отырып, бірыңғай ортақ ұсыныстар, бағыт-бағдарлары, әдіс амалдарын әзірлеу;
3. Еңбек құқығы жайлы мәселелерде тұрақты түрде жазбаша және ауызша кеңестер ұсынылып, жеке және ұжымдық дауларды шешу үшін кеңестер беріледі, қажет болған жағдайда басқа ұйымдар мен мекемелердегі жұмысшылардың да мүдделері ұсынылады.
4. «АКО» АКБ-ның ерекше актуальды қызметтерінің негізгілері: кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіподақ активтерінің заңнамалық және тәжірибелік дайындық деңгейін жетілдіру. Ол үшін ай сайын кәсіподақ ұйымдастырушылары мен кадрлық қызметкерлер, заңгерлер мен есепшілерге арналған арнайы семинар сабақтар өтеді. Олар онда теориялық жағынан ғана білім алып қоймай, сонымен қатар іс-тәжірибе негізінде өз шеберліктерін арттырып, одақішілік өмір жайында ақпараттық-әдістемелік материалдар да ала алады.
5. Кәсіподақ мүшелерінің денсаулықтарын сақтау мәселесіне де зор көңіл бөлінеді. Бұл мақсатта жүйелі түрде кіші-футболдан турнирлер өтеді. Алдағы уақытта волейбол, үстел теннисі, шахмат сияқты спорт түрлерінен кең көлемде спартакиадалар өткізбекпіз. Осы орайда жоғарыда аттары аталған спорттық шаралар жекелеген жергілікті нысандарда өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
6. «АКО» АКБ жыл сайын мынадай байқаулар өткізіп тұрады: 1. «Еңбек жолы»: (номинациялар: «Үздік еңбек династиясы», «Жұмыс істеуші жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістегі үздік жас жұмысшы»); 2. «Сәттілік пен қауіпсіздік»: (номинациялар: «Еңбекті қорғау — кәсіподақ қызметіндегі басымдылық», «Еңбекті қорғау ісінде белсенді, жауапкершілігі мол техникалық инспектор», «Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шығармашылық жұмыс жоспары).
Міне осы байқаулардың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен және Құрмет грамоталарымен марапатталады.
7. Зейнеткерлікке шыққан «құрметті» кәсіподақ мүшелеріне мерекелік күндер мен мерейтойлық даталар қарсаңында моральдық және материалдық тұрғыда сый-құрмет жасап, құттықтау шараларын ұйымдастыру, өзге кәсіподақ белсенділерін қоғамдық жұмыстарды жүргізуде ынталандыра түсетіндігімен маңызды болып табылады. Мұндай шаралар кезінде еңбек ардагерлері мен кәсіподақ қозғалысының белсенділері де ұмыт қалмайды. Олардың көпшілігі «АКО» АКБ-ның «Алматы Кәсіподақтарының құрметті қайраткері» деген атағымен қоса, арнайы төсбелгілерімен және республикалық Кәсіподақтар бірлестігінің кәсіподақ ұйымының дамуына сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан еңбек конфедерациясы» Құрмет грамотасымен марапатталған.
Кәсіподақ ұйымдары жайлы сөз қозғалғанда, ең алдымен ұйымның атқарып жатқан жұмыстары, одан кейін ұйымның басшысы, оның біліктілігі мен білімділігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті жайлы айтылары сөзсіз. Ал бұл айтылғандардың кемшін түсіп жатқан жері болса, қызметкерлерден бастап, әрбір кәсіподаққа мүше адам, тіпті «сырт көз — сыншы» демекші, сыртқы ортадан келген кез келген адам сын айтар еді.
Мен өзімнің 41 жыл еңбек өтілімнің 20 жылын осы кәсіподақ жүйесі саласына арнаппын, бірақ осы уақыт аралығында біздің «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігі жайлы бір де бір рет теріс пікір айтылғанын естімеппін. Яғни біздің ұжым мен қызметкерлеріміздің және серіктес ұйымдардың қызметтері ел көңілінен шығып жатыр деген сенімдемін. Серіктес демекші, біздің «АКО» АКБ-ның құрамына «Руханият», «Ұстаз», «Қамқоршы», «Парасат», «Медик», «Бақыт» тағы басқа сол сияқты жиырма екі бірлестік кіреді. Осылардың ішінде біреуі, мәселен қабырғасы 1924 жылдары қаланған Алматы қаласы мәдениет, спорт және полиграфия мекеме қызметкерлерінің Жергілікті «Руханият» кәсіподағы қоғамдық бірлестігі жайлы азғантай ғана айта кетейін. Бірлестіктің төрағасы Омаров Исламбек Әдәһәмұлы деген көпшілікке белгілі азамат. Жоғарыда айтқан біліктілік пен білімділік, жауапкершілік пен талапкершілік сияқты қасиеттердің бәрін бұл азаматтың бойынан табуға болады. Мәдениет, спорт және полиграфия салаларында Алматыда өтіп жатқан кез келген шараның басы-қасында ұйытқы болып аталмыш ұжым мен ұжым басшысы жүреді. Бір ғана қалада күніне жүздеген іс-шаралер мен спорттық жарыстар өтіп жатса, облыстық көлемде қаншама іс шаралар өтіп жатады десеңізші. Мен осы бір ғана «Руханиятқа» қысқаша сипаттама беру арқылы, қалған 21 кәсіподақ бірлестігінің, яғни «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің жұмыстары да осы тектес деңгейде қайнап жатқанын жеткізгім келеді. Сондай-ақ кез келген сала қызметкерлері, еңбеккерлер өздері арқа сүйер, қорғаны мен қалқаны болар кәсіподақ ұйымдарына мүше болып, біздің қатарымызды көбейтсе екен деген тілегім бар.
Сонымен қатар кәсіподақтардың 100 жылдық мерейтойына байланысты кәсіподақ басшылары мен белсенділеріне еңбектерінің жемісін көруге шын жүректен тілектестігімді білдіремін. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!