11.11.2020 жылғы № 01-03/34
Әлеуметтік серіктестік пен
әлеуметтік-экономикалық және
еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі
аймақтық үшжақты комиссияның төрағасы
Б.Байжұмановқа
_________________________________________
Алматы облысының
жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасы
М.Мұратқа
_________________________________
Алматы облысының әкімдігі, жұмысшылардың аумақтық бірлестіктері
арасындағы 2021 -2023 жылдарға арналған Өңірлік келісім жобасына
Ұсыныстар
«Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтардың аймақтық бірлестігі 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Келісім жобасына енгізу үшін келесі редакцияда өз ұсыныстарын жолдайды:
«Медик» Кәсіподағы
Жұмыс берушінің міндеттеріне келесілер қосылсын:
1. Кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдық шарттарына жалақыны міндетті түрде индекстеу тәртібін және жұмысшыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің орнын ішінара толтыру бөлігінде өтемақы төлеу міндеттемесін қосуға қол жеткізіп отыру.
2. Материалдық табысы төмен отбасылардан шыққан жасөспірімдерге жұмыс табуда үнемі практикалық көмек көрсету.
3. Ұжымдық шарттарда 50 жастан асқан қызметкерлерге жұмыс орындарын сақтау туралы ережелерді көздеу. Жұмыс берушілер мен қызметкерлердің тең санынан құрылған комиссияның оң шешімінсіз қызметкерлердің санын немесе штатын қысқарту негіздері бойынша зейнеткерлік жасқа толуға үш жылдан аз қалған қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға жол бермеу.
4. Ұжымдық шарттарда қызметкерлердің, сондай-ақ олардың балаларының мектеп демалысы кезінде демалысын ұйымдастыру шараларын көздеу және медициналық тексерістің нәтижелері бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларды емдеуге шипажайлық-курорттық жолдамаларды жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алуды көздеу.
5. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларына жеке инвестицияларды тартуға қолдау көрсету.
Кәсіподақ міндеттеріне келесілер қосылсын:
1. Әлеуметтік серіктестермен еңбек заңнамасын және әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы заңнаманы түсіндіру бойынша бірлескен семинарлар өткізу.
2. Ұжымдық шарттар жасасқан кезде кәсіпорындар мен ұйымдарға тұрақты консультациялық және құқықтық көмек көрсету.
3. Ұйымдардағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды бақылау деңгейін арттыру мақсатында еңбекті қорғау мен қауіпсіздік бойынша өндірістік кеңесі мүшелеріне, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға консультациялық көмек көрсету.
4. Кәсіподақ мүшелеріне, сондай-ақ аймақтағы зейнеткерлер мен оқып жүрген жастарға еңбек, тұрғын үй және зейнетақы заңнамаларын іс жүзінде қолдану мәселелері бойынша ақысыз заң көмегін көрсету.
«Алматы облысының білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің» Кәсіподағы
2021-2023 жылдарға арналған Өңірлік Келісімге келесілер енгізілсін:
1. Төтенше жағдай, төтенше жайт кезінде және карантиндік шаралар енгізілгенде педагогикалық қызметкерлер (оқытушылар) үйде бола тұрып, қашықтықтан оқыту әдістемесі негізінде сабақ өткізеді, осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 129-бабын басшылыққа ала отырып, «Жұмыскер жеке мүлкін жұмыс берушінің мүддесіне пайдаланған кезде оған коммуналдық шығындар (Интернет, электр қуаты, жылу, су және т.б.) үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен және мөлшерде кепілдіктерді және өтемақы төлемдерін» көздеу.
2. Педагогикалық құрамды қашықтықтан оқыту арқылы біліктілікті арттыру кезінде «қашықтықтан оқыту күндеріне сәйкес келетін жұмыс күндері үшін жалақыларын және жұмыс орындарын сақтай отырып, жұмыскерлерге кепілдіктер мен өтемақы төлемдерін» көздеу.
3. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 125-бабы негізінде «осы Кодекске не ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен мерзімдік медициналық қарап-тексеруден өтуге міндетті жұмыскерлерге олардан өткен уақытта жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталумен кепілдіктерді» көздеу.
4. Сондай-ақ, 2021-2023 жылдарға арналған өңірлік келісім жобасын дайындау кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысымен бекітілген Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, білім беру саласындағы қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар атты №4 қосымшаның талаптарын ескеруді сұраймыз.
Төраға Қ.Қаратаев
байланыс тел. 161 00 80, 261 2635