«Қамқоршы» байланыс қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы оның құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерін ҚР Еңбек кодексінің негізгі ережелеріне үнемі оқытады. Ақыр соңында, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау деңгейі, Ұжымдық шарттың талаптарында көзделген құқықтарды толық пайдалану мүмкіндігі бастауыш кәсіподақ ұйымының тиімді жұмысына толығымен тәуелді. «Қамқоршы» АБҚК күрделі экономикалық жағдайдағы кәсіподақ қозғалысы өзінің негізгі міндетін - жұмысшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыра отырып, өмірге бейімді әрі тиімді жүйе ретінде әрекет етуі керек деп нық сенімді.
Пандемияның қазіргі жағдайлары бұрын кең мағынада талқыланбаған жұмысшылардың қашықтан жұмыс мәселесін көтерді. Барлық қазақстандықтар үшін осы оңай емес кезеңде кәсіподақ кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтап қалу, төлемдерді уақтылы төлеу және еңбекақыны дұрыс есептеу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауда.
Қашықтықтан жұмыс жасаудың жұмыскер үшін де, жұмыс беруші үшін де өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақстан Республикасының ЕҢБЕК КОДЕКСІ қашықтықтан жұмыс істеу ұғымын дәл тұжырымдайды. 138-бапта қашықтықтан жұмыс істеу жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, еңбек процесін жұмыс беруші орналасқан жерден тысқары жерде жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады деп көрсетілген.
«Виртуалды кеңсе» жұмыс режиміне ауыстырылатын жұмысшылардың назарын аударғым келеді. ҚР Еңбек кодексі жұмыс берушіні жұмыскерді коммуникация құралдарымен (байланыс құралдарымен) қамтамасыз етуге және оларды монтаждау мен күтіп ұстау шығындарын көтеруге міндеттейді. Жұмыскер өзінің байланыс құралдарын тұрақты негізде қолданған жағдайда, жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері мен тәртібі жұмыскермен келісім бойынша белгіленеді.
Тараптардың келісімі бойынша қашықтан жұмыс істеушіге жұмыс беруші үшін жұмысты орындауға байланысты басқа шығындар, мысалы, электр энергиясының, судың, шығын материалдарының бағасы және басқа шығындар өтелуі мүмкін (ҚР Еңбек кодексінің 138-бабының 2-тармағы).
Жұмыс берушілердің назарына.
Жұмыскерді қашықтан жұмысқа ауыстыру кезінде жұмыскермен еңбек шартына қосымша келісімді жасасуды ұмытпаңыз. Қосымша келісімде келесі шарттарды жазыңыз:
1) жұмыс уақытының белгіленген есебі, оны бақылау ерекшеліктері;
2) жұмыс беруші ұсынатын немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын немесе жұмыскерге меншік құқығы негізінде тиесілі жабдықты, материалдарды, құралдарды және т.б. пайдалану;
3) жұмыскерге өтемақы және басқа төлемдер;
4) жұмыс орында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау және еңбек гигиенасы нормалары мен ережелерін сақтау қажеттілігі.
Қосымша келісімде көрсетілген осы шаралардың барлығы жұмыс берушіні мүмкін еңбек дауларынан құтқарады.
«Қамқоршы» байланыс қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы
Н.В. Брагина