Ағымдағы жылғы 28 қазанда онлайн режимде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультативтік кеңесінің XXXIV отырысы өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығы отырысқа қатысушыларды әлеуметтік-еңбек саласын жетілдіру, әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбекті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Іс-шара барысында ТМД аумағында халықты әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жақсарту және қашықтықтан жұмыс істеуді реттеу бойынша ақпарат пен тәжірибемен алмасу мүмкіндігі мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясының салалық министрліктерінің басшылары, Еуразиялық экономикалық комиссияның, Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясының, Мемлекетаралық статистика комитетінің, ТМД Атқарушы комитетінің және бірқатар елдік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты Беларусь Республикасының Консультативтік кеңесінің төрағасы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Ирина Костевич ашты. Өз сөзінде ол ТМД өкілдеріне отырысқа қатысқаны үшін алғысын білдірді, сондай-ақ 2020 жылғы 29 қазанда өткен Консультативтік кеңестің алдыңғы, XXXIII отырысында қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы айтты.

Осыдан кейін Ирина Костевич 2020-2021 жылдары төрағалық еткен Беларусь Республикасынан Қазақстан Республикасына 2021-2022 жылдар кезеңіне төрағалық ету құқығын берді.

Өз кезегінде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов өз сөзінде Консультативтік кеңес жұмысының жоғары сапасын атап өтті, сондай-ақ биыл ТМД-ның мақсаттары мен қағидаттарын айқындаған Алматы декларациясына қол қойылғанына 30 жыл толатынын еске салды.

«ТМД - бірегей және әмбебап диалог алаңы,  оның аясында сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, ТМД кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бастамаларға жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастық дамиды.

Консультативтік кеңес қазіргі өмір шындығына жедел ден қояды, әлеуметтік-еңбек саласындағы нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу және келісу форматына ауысатын қатысушы мемлекеттер арасында Ең үздік практикалармен алмасу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс осының дәлел», – деді министр.

Серік Шәпкенов Консультативтік кеңестің қатысушылары тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеу бойынша, еңбекті нормалау, кәсіптік стандарттар, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары және т.б. саласында үлкен жұмыс жүргізгенін, ал отырыстарда қабылданатын шешімдер ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы жұмыс тәжірибесіне мемлекетаралық деңгейде қабылданған құжаттарды енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Осы отырыс аясында біз covid-19 пандемиясына байланысты өзгерістерге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді, соның ішінде құқық қолдану практикасын, қашықтықтан жұмыс істеуді реттеу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша ақпарат және тәжірибе алмасуды, оның ішінде жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мәселесін қарастырамыз», – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов отырысқа қатысушыларды азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі Қазақстанның тәжірибесі туралы хабардар етті.

«Ағымдағы жылғы 12 қазанда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс тобы мүшелерінің, Үкімет жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылық пен сараптама қоғамдастығының ұсыныстары Заңның негізіне алынды. Заң 19 тұжырымдамалық түзетуден тұрады және 16 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді. Келесі айдан бастап мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасылары жаңа жәрдемақы ала бастайды, жаңа енгізілімдерді сезіне бастайды», – деп бөлісті Ақмәди Сарбасов.

Аталған Заңда көзделген нормалар туралы айта келе, бірінші вице-министр «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» және «Инклюзивті білім беру туралы» тағы екі заңның қабылданғанын хабарлады.

«Олардың біріншісі әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымын, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі міндеттері мен санаттарын, әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін беру тетігін айқындайды, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың ауқымды шараларын көздейді. Тұтастай алғанда, заң мүгедектігі бар адамдардың іскерлік белсенділігін де, жұмыспен қамтылуын да ынталандыруға бағытталған.

Білім министрлігінің бастамасы бойынша қабылданған екінші заң оқытудың барлық деңгейлерінде ерекше білім беруге қажеттілігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға бағытталған. Өзгерістер мен толықтырулар Білім туралы, Бала құқықтары туралы, Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңдарға енгізілді», – деді ол.

Ақмәди Сарбасов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттаманы ратификациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тиісті заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.

«Министрлік сондай-ақ ҚР Әлеуметтік кодексінің тұжырымдамасын әзірлеуде. Ол 2022 жылы қабылданады, ал кодекстің өзін 2023 жылы қабылдауды жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік кодекстің басты жаңалықтарының бірі әлеуметтік қызметті жетілдіру және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі жеке тарау болады.

Әлеуметтік қызмет моделі жаңғыртылады – әлеуметтік қызметкерлерді аккредиттеу, аттестаттау, жан басына қаржыландырудың жаңа моделі енгізіледі, әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі арттырылады және тағы басқа шаралар қабылданады», – деп толықтырды Ақмәди Сарбасов.

Бірінші вице-министр сондай-ақ, жұмыс берушілер мен кадр қызметінің, оның ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеу форматына мәжбүрлі ауысуына байланысты, әсіресе еңбек заңнамасының жетілдірілмеуі бойынша кездескен бірқатар қиындықтар туралы айтып берді.

«Осыған байланысты ҚР Еңбек кодексіне ағымдағы жылы қашықтықтан жұмыс істеуге байланысты еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша түзетулер қабылданды. Сонымен, қашықтықтан жұмыс істеудің жаңа режимдері пайда болды, олар тараптардың келісімі бойынша тұрақты, уақытша немесе аралас болып орнатылады.

Бұдан басқа, жұмыс беруші жұмыстың орындалуын нақты уақытпен тіркей алмайтын жағдайларда жұмыс уақытын есепке алу бойынша, сондай-ақ қызметкер жұмыс берушімен өзара іс-қимыл жасау үшін байланыста болуға тиіс уақытты еңбек шартында есепке алу бойынша ҚР Еңбек кодексінің нормалары нақтыланды. Қызметтік міндеттерін жүзеге асыратын, еңбегі арнайы заңдармен реттелетін қызметкерлер үшін қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі мен мерзімдерін реттеуге қатысты нормалар көзделген», – деп хабарлады Ақмәди Сарбасов.

Сонымен бірге, ол жұмыс берушімен қашықтықтан жұмыс істеу форматына қарамастан, еңбек заңнамасының талаптарын қамтамасыз ету, оның ішінде қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жауапкершілігі алынбайтынын атап өтті.

«Сонымен қатар, қауіпсіз еңбек жағдайлары саласындағы соңғы өзгерістер шеңберінде қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, сондай-ақ еңбек міндеттерін қауіпсіз орындауды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауы тәртібі жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Бұдан басқа, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша міндеттері міндетті және тараптардың келісімі бойынша, жұмыс ерекшелігін ескере отырып шешілетін міндеттер деп бөлінген», - деп түйіндеді ол.

04 11 2021