Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік, қайырымдылық пен мейірімділік ұғымдарының барлығы ана атауымен тығыз байланысты.
Сондықтан да, көктемнің осы бір тамаша мерекесі нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты көрінеді. Әйел-Ана қашан да – әдеміліктің символы!
Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне әйелдердің қосқан үлесі шексіз.
Сіздер әрдайым егемен еліміздегі бейбіт тірліктің, бірегей бірліктің, кемел келешекке деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы болып келесіздер. Күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы отбасының нығаюына ғана емес, қоғамның барлық саласының дамуына зор үлес қосып жүрсіздер.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы».
Әйел-аналар қандай жағдай болмасын қиындыққа мойымайтын, ауырлықты көтере білетін қажырлы тұлға екенін әрдайым дәлелдеп келеді. Пандемия өршіген кезеңде біз 87 пайызы әйелдерден құралатын медицина мамандарының арқасында аман қалдық десек болады. Өзінің емес, өзгенің денсаулығын ойлап, күн-түн демей қызмет еткен дәрігерлер, мейірбикелердің еңбегіне баршамыз ризамыз.
Көрікті көктемнің көркем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізден күлкі кетпесін!
Әрқашан шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, қуаныштан арылмасын! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен,
«Алматы кәсіподақтар одағы»
кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің төрағасы
Қ.Қ. Қаратаев