Астанада жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. ЭКСПО конгресс-орталығында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен республика кәсіпорындарының және кәсіподақтарының басшылары қатысты.
Биыл конкурсқа қатысуға 479 ұйым өтінім берді, оның ішінде 178 ірі кәсіпкерлік, 301 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында 238 өтінім, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында – 84 өтінім, «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында – 86 өтінім, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында – 39 өтінім, 2020 жылдан бастап тағайындалған «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығымен марапаттауға 32 өтінім түсті.
Орталық мемлекеттік органның басшыларынан, ҚР Парламенті депутаттарынан, бизнес және кәсіби одақтардың өкілдерінен құрылған комиссия құрамы республикалық конкурстың нәтижесін келесідей анықтады: екі санат бойынша 2 Гран-при, 26 лауреат атағы (оның 24-і – екі санатта төрт номинация бойынша үш жүлделі орын, қалған 2-і «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы премиясының иегерлері).
Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында бас жүлдені Атырау облысының «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы алды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі ең үздігі Ақмола облысының «Шуйское-ХХІ» ЖШС болып анықталды.
«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Ақтөбе облысының «Қазхром ТҰК» АҚ, Шығыс Қазақстан облысының «Шығыстүстімет» ЖШС және Қызылорда облысының «Жаңажол» ЖШС компаниялары лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Қарағанды облысының «Коунрад» мыс компаниясы» ЖШС, Ақмола облысының «Мәдениет» ЖШС және Шығыс Қазақстан облысының «Виситаев» ШҚ бар.
«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында: Батыс Қазақстан облысының «Қазбургаз» АҚ, Қызылорда облысының «Торғай-Петролеум» АҚ және Астана қаласының «Центрказэнергомонтаж» АҚ лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Солтүстік Қазақстан облысының «Акселеу» ЖШС, Шымкент қаласының «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС және Алматы қаласының «Өндірістік-технологиялық жинақтау басқармасы» АҚ жеңімпаз атанды.
«Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Түркістан облысының «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, Ақмола облысының «Қазақалтын» ЖШС және Атырау облысының «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Маңғыстау облысының «CASPI Bitum» БК» ЖШС, Батыс Қазақстан облысының «Czech Camp» ЖШС және Жамбыл облысының «СК Достық К» ЖШС марапатталды.
«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында Солтүстік Қазақстан облысының «Радуга» ЖШС, Қарағанды облысының «Шұбаркөл көмір» АҚ және Батыс Қазақстан облысының «Жайықмұнай» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында Шымкент қаласының «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС, Қызылорда облысының «Номад Солар» ЖШС және Қарағанды облысының «Рапид» Фирмасы ЖШС лауреат атанды.
«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығын Атырау облысының «Теңізшевройл» ЖШС ірі кәсіпкерлік субъектісі және Солтүстік Қазақстан облысының «Мамбетов және компания» СС шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санатының өкілдері иеленді.
Байқау жеңімпаздарына тиісті дипломдар мен айрықша белгілер (статуэткалар) табыс етілді. Сондай-ақ, лауреаттарға конкурс эмблемасын жарнамалық мақсатта осы атақ берілген күннен бастап үш жыл ішінде пайдалану құқығы беріледі.