19 12 2022 01

Құрметті әріптестер!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – біздің ата-бабаларымыз ежелден бері армандаған асыл мұрат. Егемендік алған Қазақстан өзінің мемлекеттік рәміздерін және төл валютасын енгізді, негізгі заңымыз – Конституциямыз қабылданып, еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып жарияланды, даңғыл даму жолына түсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұтас дәуірдің куәгері болған туған халқымыз айтарлықтай қиындықтарды бастан кешірген еді, өйткені бұрынғы Одақ кезіндегі сауда-экономикалық байланыстардың үзілуінен көптеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, жалақы бойынша берешек пен жұмыссыздық деңгейі өсті, халықтың табысы төмендеді.

Алайда, осыған қарамастан, мемлекет ұзақ мерзімді әлеуметтік басымдықтарды айқындады. Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап біздің халқымыз Қазақстанның ұлы тарихын жаңа жетістіктермен және табысты қайта құрулармен жалғастырды.

Осы жылдар ішінде еліміз бағындырған биік белестер мен асқан асуларында, қол жеткізген жетістіктерінде қарапайым Еңбек адамдарының адал қызметімен айшықталған қолтаңбалары бар.

Сіздер Еңбек адамы ретінде қай салада болсын ел игілігіне қызмет етіп келесіздер. Қоғамдағы барлық игілік адамның қажыр-қайратымен жүзеге асырылады. Сіздер көрсеткен еңбек пен табандылық, ақыл-парасат пен талантты айрықша айтып өткен жөн.

Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың қызырлы мекеніне айналған ұлы Далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешуіңізге тілектеспін.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен!

 «Алматы кәсіподақтар одағы» кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің төрағасы

Қ.Қ. Қаратаев